1615 жылы негізі қаланған бұл базар көше тағамдарымен танымал болған және әлемдегі ең үздік он базардың қатарына тұрақты түрде еніп келген.
Француз БАҚ-тарының мәліметінше, өрт түнгі сағат үш шамасында басталған. Бірнеше сағат өтсе де, өрт сөндірушілер жанып кеткен нысанның қалдықтарын сумен салқындату жұмыстарын жалғастырған.
Әзірге өрттің шығу себебі анықталған жоқ.
– Біз оқиға орнына жеткен кезде өрт күшейіп кеткен еді. Жалын жабық базардың бүкіл ішкі аумағын шарпыды, – деді өрт сөндіру қызметінің өкілі Пьер де Бувье.
Оның айтуынша, тілсіз жау 1000 шаршы метр аумаққа жайылған.
– Базар толықтай қирады. Ғимараттың өзі де, металл құрылымдары да түгел жойылды. Құтқарушылардың басты міндеті өрттің базар үстіндегі тұрғын үйлер мен дүкендерге таралуына жол бермеу болды, – деп түсіндірді ол.
Оқиға орнына таңертең ерте келген Париждің орталық аудандарының мэрі Ариэль Вейль Le Parisien басылымына базардың толығымен жанып кеткенін айтты.
– Қазір таңғы сағат жеті. Адамдар мен саудагерлер келе бастады. Анфан-Руж базары толығымен жойылды, түгі қалмай өртеніп кетті, – деді ол.
Мэр өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның көршілес ғимараттарға таралуына жол берілмегенін атап өтті.
– Абырой болғанда, өрт сөндірушілер өте жылдам жетті. Көптеген арнайы техника жұмылдырылды. Оның үстіне олар бұл аумақты жақсы біледі. Соның арқасында бұдан да ауыр зардаптың алдын алуға мүмкіндік туды, – деді Ариэль Вейль.
Айта кетейік, бұған дейін Францияның солтүстік-шығысындағы Мец қаласында орналасқан Франсуа Рабле колледжінде өрт шыққаны хабарланған болатын. Оқиғаға байланысты қасақана өртеу нұсқасы қарастырылған.