Париждегі Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты алдындағы алауды Джеки Чан алып жүреді

АСТАНА. KAZINFORM –  Парижде өтетін Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты алдында алау алып жүрушілердің бірі атақты актер Джеки Чан болады, деп жазады South China Morning Post.

Фото: sports.kz

70 жастағы түрлі трюктары мен экшн көріністері арқылы әлемге танымал актер сәрсенбі күні Франция астанасында ашылу салтанаты болатын Паралимпиада алауының эстафетасына қатысады, деп хабарлады ұйымдастыру комитеті.

Эстафетаға француз актрисасы Эльза Зильберштейн мен хореограф Бенжамен Мильепье де қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, Паралимпиада алауы бұған дейін Франция қалалары арқылы саяхатын бастады.

Сток Мандевилл ауылынан шыққан британдық алаушылар француз әріптестерін жарты жолда кездестірді. Олардың арасында Паралимпиада қозғалысының және бірінші Паралимпиада ойындарының негізін қалаушы Людвиг Гуттманның шөбересі Лора Миллс бар. Кале коммунасындағы туннельдің шығысында тағы 11 алау жағылды.

Алаумен жүріп өту шеруі сәрсенбі күні 28 тамызда Парижде аяқталады. Дәл осы күні Паралимпиада алауы жағылады.

Қазақстан паралимпиадашылары Паралимпиада ойындарына сегізінші рет қатысады. 1996 жылдан қазіргі уақытқа дейін біздің спортшылар Жазғы Паралимпиада ойындарында 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алды. Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылы өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасының мүшелерімен кездесіп, Қазақстанның мемлекеттік туын табыстап, сәттілік тіледі.

XVII Жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын паралимпиадашылардың алғашқы легі Парижге аттанды.

2024 жылы Парижде өтетін Паралимпиада ойындары туралы Kazinform материалдарынан оқыңыз.