Париждегі Олимпиада ойындарында ел намысын қорғауға Шығыс Қазақстаннан 11 үміткер іріктелді

Фото: sports.kz
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 2024 жылы Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында ел намысын қорғауға Шығыс Қазақстаннан 11 үміткер іріктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін 33-ші жазғы Олимпиада ойындарында әлемнің әр жерінен жиылған спортшылар 32 спорт түрінен бақ сынаспақ. Қазақстанның көк туын көкте шарықтатуды мақсат еткен спортшыларымыз қызу дайындық үстінде.

Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында спорттың 7 түрі бойынша 18 адам Олимпиада ойындарына қатысуға үміткер ретінде іріктеліп отыр. Бұл туралы бүгін ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірлік Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев айтты.

«Жеңіл атлетикадан үміткерлер қатарында Надежда Дубовицкая, Элина Михина, Жанна Мамажанова, Галина Якушева, Дейзи Джепкемей, Каролина Кипкируи, Шадерак Коеч, Нора Тануи, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков, Данияр Қайсанов, грек-рим күресінен Ернар және Ернұр Фидахметовалар,ескек есу слаломынан байдаркаларда және каноэда Александр Куликов, Қуаныш Ергайыпов, байдарка мен каноэде есу бойынша Маргарита Торлопова, ауыр атлетикадан Денис Ұланов және семсерлесуден Руслан Құрбанов пен Вадим Шарлаимов бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Олимпиаданы санамағанда әртүрлі спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрамасының сапында шығысқазақстандық 707 спортшы өнер көрсетіп жүр.

«2023 жылдың 6 айында облыс спортшылары түрлі спорт түрлері бойынша 3303 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1208 алтын, 1031 күміс және 1064 қола бар. 300 спортшы 35 халықаралық турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Ал 170 спортшы Әлем және Азия чемпионаттарында бақ сынамақ», - дейді Серік Құсымбаев.