Париждіктер 100 жылдан кейін алғаш рет Сенада шомыла бастады
АСТАНА. Kazinform – Париж тұрғындары 100 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Сена өзенінде заңды түрде шомылу мүмкіндігіне ие болды. 5 шілде күні өзенде үш арнайы шомылу аймағының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Еuronews.
Париж мэрі Анн Идальго сенбі күні таңертең шомылу аймақтарының бірінің ашылуына қатысып, балалық арманы орындалғанын айтты.
- Менің бала кезімнен бергі арманым – адамдардың Сенада қайтадан шомыла алуы еді, – деді ол.
Шомылуға арналған үш аймақ Эйфель мұнарасының, Құдай Ана соборының және Франсуа Миттеран атындағы кітапхананың жанында орналасқан. Осы арнайы аймақтардан тыс жерде шомылуға қауіпсіздік мақсатында әлі де тыйым салынған.
Айта кетейік, Сенада шомылуға 1923 жылдан бастап өзеннің ластануы мен белсенді кеме қозғалысына байланысты тыйым салынған болатын. Алайда өткен жылы Париж билігі мен Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті өзенді тазарту үшін 1,4 млрд еуроға жуық қаржы құйып, қазір Сенадағы су сапасы көп жағдайда Еуропалық одақтың стандарттарына сай келетіні хабарланды.
Экологтардың мәліметінше, судың бактериялар деңгейі ресми шекті көрсеткіштерден әлдеқайда төмен.
- Судың сапасы керемет, – деді Иль-де-Франс аймағының префектісі Марк Гийом. – Біз ішек таяқшасы мен энтерококк деңгейін бақылаймыз: біреуінің мөлшері шекті деңгейден он есе, екіншісінікі 25 есе төмен.
Алайда жергілікті тұрғындардың барлығы бұл жаңалықты қуана қабылдап отырған жоқ.
- Шынымды айтсам, тәуекелге бармаймын, – деді жергілікті тұрғындардың бірі AP агенттігіне. – Сенада неше түрлі заттардың жүзіп жүргенін өз көзіммен көрдім, сондықтан шынымен таза екеніне көзім жеткенше күте тұрамын.
Айта кетейік, Францияда аптап ыстықтан екі адам қаза тапты.