Парижге спортшыларымызды қолдауға келдім — үш дүркін Қазақстан барысы

Фото: Күнсұлтан Отарбай/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев олимпиадашыларымызға қолдау білдіруге арнайы Парижге ұшып келді.

Көшеден кездейсоқ кездестіріп қалған белгілі балуанымыздан шағын сұхбат алып, Парижге келгендегі мақсатын бөлісіп үлгердік.

«Құрметті спорт жанашырлары, біз бүгін Францияның астанасы Париж қаласына келдік. Келудегі мақсатымыз — Қазақстан спортшыларына жанкүйер болу. Елімізден келген бүкіл спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Бұйырса олимпиадашыларымыздың елді, әке-шеше, бауырларын қуантуға Алла нәсіп етсін. Бұл — төрт жылда бір келетін тарихи сәттердің бірі. Спортшыларымыз осының алдындағы Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктің орынын толтырады деп сенемін», -деді Бейбіт Ыстыбаев.

Айта кетейік, ол 2012, 2015 және 2016 жылдары қазақ күресінен үш дүркін Қазақстан барысы атанған болатын.

Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 

Оған әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады.