Парижге жеттік, бүгін олимпиадалық қалашықта алғашқы жаттығуымызды бастаймыз – Мырзағали Айтжанов
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ боксшылары Франция астанасы Париж қаласында орналасқан Олимпиада қалашығына аман-есен жетіп, алғашқы дайындықтарына кірісіп кетті. Бұл туралы kazinform тілшісіне ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтып берді.
«Парижге аман-есен жеттік. Бізді әуежайда Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің өкілдері қарсы алды. Олимпиада қалашығының атмосферасы керемет көңіл күй сыйлады. Қонақүй де жайлы, таза, ретті. Бүгіннен бастап, Париждегі алғашқы жаттығуымызды бастаймыз. 25 шілде күні жеребе тарту рәсімі. Жалпы, жарысқа дайынбыз», - деді бас бапкер.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құрамда, яғни 7 салмақта, ал әйелдер құрамасы 3 салмақта сынға түседі.
Ерлерден Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов, ағайынды Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғаса, әйелдерден Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова шаршы алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыздың алғашқы легі Париждегі олимпиадалық қалашыққа барып үлгерді.
Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.