Парламент 2011 жылы 152 заң қабылдады

None
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Парламенті 2011 жылы 152 заң қабылдады.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ағымдағы жылдың соңғы отырысын қорытындылап, сөз сөйлеген палата спикері Қайрат Мәми осылай мәлімдеді.

«Бүгін палатаның ағымдағы жылғы соңғы отырысы болып өтті. Жалпы ағымдағы жылы біз 36 пленарлық отырыс өткізіп, 152 заң қабылдадық. Олардың ішінде құқықтық тәртіпті күшейтіп, экономиканы дамытуға бағытталған құжаттар да бар», - деді Қайрат Мәми. Бұдан бөлек, палата Төрағасы ел Парламентінің қоғамдағы маңызды рөліне тоқтала келе, оның мәртебесін де арттыра түсу қажеттігін атап өтті.

Жалпы алғанда Сенат спикерінің айтуынша, палата депутаттары жыл басынан бері Үкімет басшысы мен басқа да мемлекеттік органдардың басшыларының атына 206 депутаттық сауалдар жолдаған. Олардың басым бөлігі экономика саласына, тұрғын үй қатынастарына, әлеуметтік-мәдени дамуға, білім саласына және құқықтық салаларға қатысты болып отыр. «Әрине, сауалдарда көтерілген өзекті мәселелердің барлығы 100 пайыз орындалды деп айтуға келмес. Алайда олардың басым бөлігі мемлекеттік органдардың нақты іс-әрекеттері түрінде орындалып та жатыр», - деді Қайрат Мәми.