Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұр -Қ. Тоқаев

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының белгілеген межелеріне қол жеткізу мақсатында Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында жиынға төрағалық еткен спикер Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.

Ең алдымен палата спикері Елбасының Сенат Төрағасы лауазымына тағайындау туралы ұсынысына қолдау білдіргендері үшін әріптестеріне алғысын айтты. «Баршаңызды елімізге танымал қоғам қайраткері, тәжірибелі кәсіби маман ретінде жақсы білемін. Мемлекет басшысының игі бастамаларын жүзеге асыруда зор еңбек сіңіріп жүрген сіздермен бірлесіп Қазақстан дамуы жолында аянбай қызмет ету баршамыздың ортақ парызымыз», - деді Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек, палата Төрағасы Елбасы белгілеген биік межелерге қол жеткізуге бағытталған кең ауқымды күрделі шараларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуде Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұрғанына назар аударды. «Қазіргі кезде палата қарауына келіп түскен салық және бюджет қатынастарын жетілдіруге арналған заң жобаларын, үшжылдық республикалық бюджет жобасын мұқият талқылап, мерзімінен кешіктірмей қабылдаудың маңызы айрықша. Алдымызда тұрған міндеттерді орындауда Сенат депутаттары нақты істермен кәсіби шеберліктің айқын үлгісін көрсетеді деп сенемін», - деді Қ. Тоқаев.