19:10, 23 Сәуір 2009
Парламент апатты және ескірген үйлерді бұзу жөнінде бағдарлама әзірлеу қажеттігі туралы Үкіметке ұсыныс жасады
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент апатты және ескірген үйлерді бұзу жөнінде бағдарлама әзірлеу қажеттігі туралы Үкіметке ұсыныс жасады.
Бұл мәселені ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Светлана Жалмағамбетова көтерген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы бірқатар маңызды шараларды қамтығанымен де, оны тиімді жүзеге асыру шаралары дұрыс көрініс таппай отыр. Өйткені, бір кездері Үкіметтің қаулысында қамтылғанына қарамастан күрделі жөндеулерсіз-ақ пәтерлерді жекешелендіру шарасы жасалды. Соның салдарынан шұрық-тесік шатырларды жөнге келтіру, кәріздерді жаңалау, сызат түскен қабырғаларды оңдау жұмыстары мемлекеттің міндетінен алынып, тұрғындардың мойнына жүктелді. Осы уақытқа дейін мемлекет тұрғын үй-коммуналдық салаға қолдаудан толық бас тартып, қаржы бөлу шарасын жүргізген жоқ. Бүгінгі күні тұрғын үй қорындағы ескі үйлердің үштен екісі күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Тозығы жеткен, бұзуға жататын үйлерде негізінен орташа ауқатты немесе одан төмен санаттағы азаматтар, зейнеткерлер, ардагерлер мен тұрмысы нашар жандар тұрып жатыр. Ал олардың өз үйлерін қайта жөндеуге шамасы жоқ. Астана мен Алматы қалаларының бюджетіне апатты үйлерді бұзуға қаражат қарастырылса, республиканың басқа 14 облыстарында бұндай бағыт қарастырылмай отыр. Сонда елорда мен Алматыдан басқа облыстардың қай жері кем. Ел тұрғындарын бұлай алалауға болмайды», деді сенатор.
Сонымен бірге, аталған жобаның жүзеге асырылуы нақты әрекетке жанаспайтынын айтқан С. Жалмағанбетова, қаржылық қолдау болмайынша мәселе түйіні шешілмейтінін атап өтті. Сенатор, сондай-ақ бірқатар ұсыныстарының заң жобасын әзірлеушілер тарапынан қолдау таппағанына қапалана отырып, Сенат атынан Үкіметке ұсыныс қабылдау қажеттігін жеткізді. «Парламент Сенаты апатты және ескірген үйлерді бұзу жөніндегі бағдарлама әзірлеу туралы Үкіметке ұсыныс қабылдауы тиіс. Заң жүзінде болмаса да, осындай қадаммен қордаланған проблеманы шешуге ұмтылыс жасаған орынды. Бұның өзі кезек күттірмейтін мәселеге жатады», деп атап өтті сенатор С. Жалмағанбетова. Палата депутаттары әріптесінің ұсынысын қолдап, Үкіметке тиісті ұсынысты заң жобасына қосымша қаулы арқылы қабылдады.