Алтыншы шақырылған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей инвестицияларды тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға басты назар аударылатынын айтқан болатын. Осыған байланысты Үкіметке арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша заңнаманы жақсарту тапсырылған еді.
Осы орайда тиісті заң жобасын сенаторларға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр таныстырды.
Атап айтқанда, құжатта индустриялық аймақтардың қызметін құқықтық регламенттеу ескерілген.
«Заңнамада индустриялық аймақтар құрылғаннан қызмет атқарып, таратылғанға дейінгі барлық цикл қарастырылған. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларына жер учаскелерін берудің жаңа тетігі енгізілді. Жер учаскелері басқарушы компанияларға уақытша пайдалануға беріледі. Ал басқарушы компания ол учаскелерді аталған аймақтардың қатысушыларына өз еркімен бере алатын болады. Бұл тетік арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қатысушыларының жер учаскелерін алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ түрлі рұқсат беру құжаттарын алуды жеңілдетеді», - деді Р. Скляр.
Белгі болғандай, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын қаржыландыру қарастырылады және жауапкершілігі бекітіледі.
Осы орайда қаржыландыру тек басқарушы компанияның 100 пайыз акциялары мемлекетке тиесілі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Үкіметтің шешімі бойынша арнайы экономикалық аймақтардың қызмет ету мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылды.