Парламент «Астана» қаржы орталығына қатысты заң қабылдады
Заң жобасының мақсаты - соттардың қызметін әрі сот саласындағы әкімшілендіруді жетілдіру, Мемлекеттік Елтаңбаны пайдалану тәртібін толықтыру, сондай-ақ қаржы саласындағы инновацияларды дамыту үшін елдің негізгі платформасы ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жылдам дамуын қамтамасыз ету және оның юрисдикциясын инвестициялар тарту үшін пайдалану.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, бұл өзгерістер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының концепциясын өзгертпейді.
Осы орайда ол аталған Конституциялық заңның жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынды.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары Сенат ұсынған түзетулерді қолдау туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, 26 желтоқсанда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Бұл құжатқа сот жүйесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне байланысты өзгертулер енгізуді ұсынды.
Заң жобасын талқылау барысында құжатқа АХҚО органдарының өкілеттіктеріне, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдеріне, сондай-ақ қолданысқа енгізу мерзімдерін цифрлық активтер саласындағы заң жобаларының нормаларымен үндестіруге қатысы бар кейбір ережелерге қатысты өзгерістер мен толықтыру енгізу қажет екені айтылды.
Фото: aifc.kz