Құжат бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың атап өтуінше, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы астананың дамуының құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Оны қабылдау қажеттілігі астананың еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық дамуындағы рөлінің артуына, сондай-ақ урбанизация мен халықтың көші-қон ағынының қазіргі заманғы үрдістеріне байланысты.
— Бүгінде Астана мемлекеттік институттар шоғырланған орталық, іскерлік белсенділік, экономикалық әлеует және инфрақұрылымдық даму орталығы саналады. Сондықтан оны басқару, аумақтық даму және қалалық ортаны жетілдіру мәселелеріне кешенді және жүйелі тәсіл қажет. 15 мамырда осы Конституциялық заң жобасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында Бірлескен комиссия Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен тұрақты комитеттерінің ұсыныстарын жан-жақты талқылап, қарады, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, біріншіден, заң жобасының жекелеген нормаларын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілді. екіншіден, Астананың қала маңы аймағына қосылған жерлерді пайдалану тәртібі мен режимі бойынша нормалар нақтыланды. Осындай жерді пайдалану тәртібі мен режимін Үкімет қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің, сондай-ақ жергілікті агломерация кеңесінің бірлескен ұсынысы негізінде айқындайтын болады.
— Үшіншіден, астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының міндеттері, астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері бойынша нормалар нақтыланды. Мәслихаттың астананы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, астана бюджетін және олардың орындалуы туралы есептерді бекіту жөніндегі өкілеттіктері бекітіледі. Сонымен қатар, астана әкімдігінің жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлеу, сондай-ақ транзиттік көлік жүрісінің схемасы мен тәртібін айқындау жөніндегі құзыреттері нақтыланады. Төртіншіден, қала құрылысы саясатын іске асыру және астананың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру көзделген. Оның құрамына астана әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ сәулетшілер енгізіледі, — деді ол.
Сонымен қатар депутаттың сөзіне қарағанда, транспаренттік пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін депутаттар Кеңестің құрамына тәуелсіз және кәсіби сарапшыларды, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қосу жөнінде түзетулер енгізді.
— Атап айтқанда, қалалық ортаның қолжетімділігін арттыру мақсатында, енді Сәулеттік-қала құрылысы кеңесінің құрамына мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін сарапшылар енгізіліп отыр. Сондай-ақ, жекелеген нормаларды нақтылайтын және Заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер ұсынылды, — деді Нұртай Сабильянов.
Осыдан кейін қос палата депутаттары аталған заң жобасын екінші оқылымда бірауыздан қабылдады.
Айта кетейік, жиында депутаттар конституциялық заң жобаларын екінші оқылымда қарайды.