Аталған заңның мақсаты - қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу тәртібін регламенттейтін азаматтық заңнаманы жетілдіру болып табылады. Құжатты қабылдау азаматтардың ауырған, мүгедек болған жағдайда әлеуметтік қамтамасыз етуге деген конституциялық кепілдіктерін іске асыруға бағытталған құқықтық базаны жетілдіреді. Сонымен қатар қабылданған заң бойынша өндірісте зардап шеккен адамдарға төленетін жәрдемақы мәселелерін ұлғайтуға мүмкіндігін береді.
Атап айтқанда, ҚР Азаматтық кодексіне келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған жұмыс беруші кәсібі мен біліктілігі дәл сондай қызметкердің орташа жалақысының мөлшерін ұлғайтқан кезде жоғалтқан табысын өтеу сомаларын қайта есептеу туралы норма қамтылды. Бұдан бөлек, банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі капиталдандырылған төлемдерді алған қызметкерлерге жасын шектемей мемлекеттің ай сайынғы төлемдерін жүзеге асыруы қарастырылады. Денсаулығына зиян келтіруіне және зардап шегушінің қайтыс болуына байланысты тұтыну индексіне пропорционалды түрде тағайындалған, жоғалтқан табысын өтеу сомаларын индекстеу жөніндегі нормаларды белгілеу бөлігінде де өзгерістер енгізілген.
Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.