Парламент Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді қабылдады

амырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заңның мақсаты «Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық көмек көрсету тәртібін жетілдіруді көздейтін осы Келісімді ратификациялау болып табылады. Атап айтқанда, ғарыш айлағының персоналына және Байқоңыр қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді Ресейдің денсаулық сақтау ұйымдары, ал Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына - Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асыратын болады.

Құжат бойынша баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтың айтуынша, бүгінгі күні Байқоңыр қаласында 68 мың 811 адам тұратын болса, ондағы Қазақстан азаматтарының саны 39 мың 72 адамды құрап отыр. Ал Төретам кентінде 10 мың 57, Ақайда 3 мың 347 адам тұрып жатыр.

«Келісімге сәйкес, Қазақстан азаматтарына медициналық қызмет көрсету Ресей денсаулық сақтау ұйымдарында Қазақстан тарапының қаражаты есебінен жүргізіледі. Келісімнің күшіне енуі РФ медициналық ұйымдарының ҚР азаматтарына медициналық қызметтер көрсету бөлігінде медициналық көмек көрсету мәселелерін шешуге септігін тигізеді», деді министр.

Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.