Парламент байланыс мәселелерін қамтыған заңды қабылдады

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңын екі оқылым бойынша қарап шығып,

құжатты қабылдады.

Аталған заң сандық теле және радио хабарларын таратуды дамытуға және сандық тұрғыдағы таратуға көшу (2011 жылғы 1 қаңтар мен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында) кезеңінде қазақстандық телекомпаниялар мен телеарналарды қолдауға бағытталған. Бұл ретте Бюджет кодексі мен «Байланыс туралы» заңға толықтыру енгізіледі. Атап айтқанда, отандық теледидар және радиоарналарды жер серігі жүйесі арқылы таратудағы байланыс және ақпарат саласы уәкілетті органдарының тарату жөніндегі құзіреті нақтыланады. Құжатқа Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

«Қазір «Хабар» мен «Қазақстан» арналары ғана хабар тарату бойынша халықтың 95 пайызын қамтиды. Халықтың басым бөлігі шетелдік хабарларды қабылдайтын жерсеріктік жүйелерге ұмтылып отыр. Бұл ретте шетелдік 452 телерадио арналары 152 кабельдік және 6 жерсеріктік операторларды пайдаланып, жұрт арасында өз саясатын насихаттап келеді. Соның салдарынан еліміздің солтүстігі ресейлік, оңтүстігі өзбек, батысы түрікмен, шығысы қытай телеарналарын көруге мәжбүр. Сондықтан бұл заң ел халқының телеарналардың ұқсас форматында тегін сапалы теледабылды қабылдау бойынша конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталады және отандық ақпараттық кеңістікті қорғауға ықпал етеді», - дейді Сенат алдында баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Майра Айсина. Оның айтуынша, заң қабылданса, республика халқы телерадиохабарлар тарату кепілдігі бойынша тегін көпарналы радиохабарларымен 100 пайызға қамтылуы мүмкін.

Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.