Парламент былтырғы бюджеттің игерілуін қарайды: кіріс қаражаты қаншалықты орындалмады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері таныстырылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

— Есептерді талдау барысы бюджеттің атқарылу процесінде ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар жүйелі мәселенің әлі де бар екенін көрсетті. Біріншіден, бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылмауы. 2025 жылы республикалық бюджеттің кірісі 335,3 млрд теңгеге игерілген жоқ. Салық және кедендік түсімдерді болжау сапасына қатысты мәселелер әлі де бар. Екіншіден, бюджеттің Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге жоғары тәуелділігі сақталуда. 2025 жылы қордан алынған қаражат көлемі 5,3 трлн теңге болды, оның айтарлықтай бөлігі нысаналы трансферттерге тиесілі. Бұл ретте Ұлттық қорға түсетін түсімдердің толықтығы және пайдаланылмаған қаражатты уақтылы қайтару бойынша жүйелі мәселелер әлі де қалып отыр, — деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

Оның айтуынша, қолма-қол ақшаны бақылау шотында қаражаттың жетіспеушілігі осымен екінші жыл қатарынан тіркелді, бұл бюджет қаражатының игерілмеуіне негізгі себеп болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 278,5 млрд теңге игерілмей қалған, оның 243,6 млрд теңгесі дәл осы қаржыландырудың жеткіліксіздігімен байланысты. Жұмыс тобы бұл жағдайдың мемлекеттік міндеттемелердің атқарылуына және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына әсерін бөлек қарастыруы қажет.

— Жыл ішінде бюджет 8 рет түзетілді. Бюджет параметрлерінің осылайша жиі өзгеру себептерін жан-жақты талдап, бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығы мен сапасы бойынша бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттілігін бағалау қажет. Мұнымен қоса, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары өсіп келеді. 2021 жылдан бастап бұл шығыстар 2,7 есеге — 977,7 млрд теңгеден 2025 жылы 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Бұл мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы тұрғысынан бөлек бағалауды қажет етеді, — деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Оның пайымынша, квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігі мәселелері әлі де өзекті. Мемлекеттік қолдау мен капиталдандыру көлемі жоғары болғанымен, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің экономикалық қайтарым деңгейіне, қызметінің ашықтығына және дивидендтік саясатына қатысты мәселелер бар.

— Жоғарғы аудиторлық палата тиімсіз пайдаланылған едәуір бюджет қаражатын тіркеп жатыр. Жоғарғы аудиторлық палата деректері бойынша, 2025 жылы мұндай қаражат көлемі 648,7 млрд теңге, бұл оның алдындағы жылдың деңгейінен біршама жоғары, — деді Дания Еспаева.

Айта кетейік, бұған дейін жыл басынан бюджеттің шығыстары қаншалықты орындалғанын жазған едік.