«Биылғы сессияда Сенат Мәжіліспен, Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, Елбасының тапсырмасынан туындаған кешенді шараларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттерді жүзеге асырды. Парламент қабылдаған 104 заң тұтастай алғанда дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық міндетті табысты жүзеге асыруымыздың берік құқықтық негізі болары анық», - деді спикер Қ. Тоқаев.
Оның айтуынша, сессия барысында кәсіпкерлікті дамытуды ынталандырудың, қаржы секторының әлеуетін арттырудың, инвестициялық ахуалды жақсартудың жаңаша заңнамалық негізі қаланған. Бірегей инвестициялық шарттар, ең төменгі салықтар және инвесторлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының тұрақтылығы да заңнамалық тұрғыдан бекітілген.
«Парламент қабырғасында басым бағытта терең талқыланып, қабылданған құжаттар қатарында Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға және бизнес пен мемлекеттің тиімді өзара ықпалдасуын нығайтуға бағытталған заңдар да бар. Қылмыстық заңнамаларды, кодекстердің жаңа редакцияларын талқылау мен қабылдау бойынша Парламентте өте жоғары деңгейде нәтижелі жұмыстар атқарылды», - деді Сенат Төрағасы. Оның айтуынша, депутаттық сауалдар парламенттік бақылаудың пәрменді құралы болып табылады. «Осы ретте сенаторлар сессия барысында әлеуметтік-экономикалық маңызы бар тақырыптар бойынша 140-тан астам сауалдар жариялап, қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелердің оңтайлы шешім табуына тікелей үлес қосты», - деді спикер.