Парламент БҰҰ миссияларына қазақстандық әскерилерді жіберу туралы ҚР Президентінің ұсынысына қолдау білдірді

None
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы ұсынысы қаралып, депутаттық корпус Елбасы ұсынысына қолдау білдірді.

Бірлескен отырыс барысында Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Елбасы Н. Назарбаевтың БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына бақылаушылар ретінде қазақстандық әскери қызметшілерді жіберу туралы Үндеуін Парламентке оқып берген болатын. Онда Мемлекет басшысы БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық міндеттерді орындауға іс жүзінде қосқан үлесі әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, елдің сыртқы саясатындағы мүдделерін ілгерілетуге, сондай-ақ әскери техникалық саладағы және кадрлар даярлаудағы салмақты аргумент ретінде қызмет ететінін атап өтеді. «БҰҰ бітімгершілік миссияларына қазақстандық әскери қызметшілерімізді жіберу бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі БҰҰ Бас органы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және БҰҰ Бас Ассамблеясы жетпіс бірінші сессиясына төрағалығына сайлануда Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге ықпал ететін болады», - делінген ҚР Президентінің Үндеуінде.

Еске сала кетейік, Конституцияға сәйкес, Республика Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану жөніндегі шешім қабылданады.