Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен сессияда еліміздің қазіргі даму сатысы үшін стратегиялық маңызды бірқатар заңдар талқыланып, қабылданды. Соның ішінде Парламент дағдарысқа қарсы шараларды құқықтық жағынан реттеуді қамтамасыз ететін 20-дан астам заң қабылдады. Атап айтқанда, мемлекеттік көмектің нақты экономикалық секторына жеткізілуін қамтамасыз ететін жаңа мемлекеттік тетіктер енгізілді», - деді О. Мұхамеджанов.
Осы орайда ол банк секторына байланысты Ислам банкінің қызметін ұйымдастыру заңнамасына қатысты мәселелерді айтып өтті. «Жалпы дағдарыс құбылыстарына дереу ден қою тұрғысынан заңдар мен басқа да шаралар қабылдау үдерістерінде Парламент палаталары мен Үкімет арасында тиімді өзара іс-қимыл жүйесі одан әрі жетіле түсті. Бұл заң шығару үдерісіне қажетті серпін беріп, күш-жігерді басым бағыттарға жұмсауға мүмкіндік тудырды», - деді Парламент Төрағасы.
Оның айтуынша, сессия барысында Парламент қарауында барлығы 207 заң жобасы болды. Оның 66-сы өткен сессиядан ауысқан болса, 141-і осы сессияда келіп түсті. «Парламент 127 заң қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді. Бүгінде Елбасы олардың 97-сіне қол қойып, заңдар санатына енгізді», - деді О. Мұхамеджанов.