Парламент депутаттары каникулда тек демала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында ел тұрғындары қандай мәселелерді жиі көтеретінін айтты.
— Каникул дегенде дүйім жұрт депутаттар демалады екен деп ойлайды. Мәселен, шілденің басындағы 15 күнде әрбір депутат өзі сайланған өңірге немесе партия тарапынан белгіленген аймаққа барып, қызмет атқарады. Халықпен кездеседі. Бір мандатты округтен сайланған депутат өзі сайланған аймаққа барып, сайлаушыларымен кездесіп үлгеруі тиіс, — деді ол.
Оның атап өтуінше, Amanat партиясының филиалы барлық өңірде бар, аудандық бөлімшелер жұмыс істейді. Сондықтан жүйелі кездесулер ұйымдастырылады.
— Тамыз айының соңғы 15 күнінде де депутаттар өңірлерде сайлаушылармен кездесіп, мәселелерді жинап алып келеді. Оларды біз орталықта шешуге тырысамыз. Тамыздағы мәселелерді қазан мен қараша айларында бюджетті пысықтаған кезде ұсыныс ретінде береміз. Мұның алдындағы партияның Парламенттегі фракциясы қалай жұмыс істегенін айта алмаймын. Бұрын фракция отырысы жылына 2-3 рет қана болатын. Конституциялық реформадан кейін жылына 21-22 отырыс өткізіп, мәселелерді талқылаймыз, проблемаларды көтереміз, — деді Елнұр Бейсенбаев.
Осы орайда ол қазіргі уақытта алдағы Президент Жолдауына дайындық жүріп жатқанын айтты.
— Партямыздың, фракцияның, партия төрағасының тарапынан ұсыныстарымызды, проблемаларды пысықтап, «осындай мәселер бар, алдағы Жолдауда осыны қарастыруыңызды сұраймыз не шешімін бірге табайық» деп Үкіметке, Мемлекет басшысының жұмысын үйлестіріп отырған Президент Әкімшілігіне бердік, — деді ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, өңірлерде ең алдымен жол, электр энергиясы және су мәселесі көтеріледі. Мәселен, Үкімет дерегінше, еліміз 98-99 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алайда, көп өңірде құбырлар ескіріп жатыр. Оларды жаңартпаса болмайды. Одан кейін электр желілерінің 70 пайыздан астамы ескірген. Инвестиция тартуда түйткілді проблемалар бар.