Парламент депутаттары каникулға кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.
Атап айтқанда, депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
- Бүгін сегізінші сайлаған Парламенттің үшінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл - бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың мкаңызды кезеңі, межелі белесі. Шын мәнінде, қазіргі сайланым Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де, дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы Президент реформаларының алғы шебінен көрінді, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, Парламент депутаттары әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеді. Бұл ұстаным бағыт-бағдарымызды айқындап, күш-қуатымызды бір арнаға жұмылдыруға жол ашты.
- Парламенттің күнделікті жұмысы, ең әуелі, осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттері біздің жұмысқа серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды. Президенттің Сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды. Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды. Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсеттік, - деді Мәжіліс төрғасы.
Осы орайда ол бұл қадамдар еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапқанын атап өтті. Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді.
- Биылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлімі де, оны алушылар саны да артты. Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарланған. Кейінгі 5 жылда стипендия екі есе дерлік өскенін атап өткен жөн. Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстемеақы қарастырылды. Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді. Аталған шараның бәрі азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - деді Ерлан Қошанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 25 маусымда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов VIII сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясындағы палатаның жұмысын қорытындылады.
Сонымен қатар, 26 маусым күні жалпы отырыста Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев үшінші сессияда палата 89 заңды қарағанын айтты.