11:13, 18 Сәуір 2009
Парламент депутаттары сенбілікке шықты
АСТАНА. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін сәуірдің 18-інде Астана әкімінің қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша бекіткен экологиялық айлығы іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Біз – таза қала үшін» ұранымен жалпы қалалық сенбілік өтуде.
Бұл шараға ҚР Парламентінің депутаттары да атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халық қалаулылары елордадағы Сығанақ көшесі бойында, сондай-ақ Республикалық диагностикалық орталық ғимараты маңында ағаш егу жұмыстарымен айналысты. Парламент Мәжілісінен аталған шараға депутаттар, аппарат қызметкерлерін қоса алғанда барлығы 200-ге тарта адам қамтылып отыр. Олар белгіленген орынға 155 түп ағаш көшеттерін отырғызды. Мәжіліс пен Сенат депутаттары көгалдандыру шараларын жүргізген орынға арнайы белгі де орнатылды. «Астана қаласында елорданы көркейту мақсатындағы бірқатар ұжымдардың өздеріне белгіленіп берілген аумақтары бар. Олар сол жердегі тазалықты қадағалап, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, үнемі қамқорлыққа алып отырады. Сол секілді Парламентке де бір аумақты белгілеп берсе, онда тиісті жұмыстарды атқарып, бос уақытымызда отбасымызбен қоғамдық жұмыстарға аралассақ деген тілек бар», дейді депутаттар. «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін даналық сөз бар. Халық қалаулылары жұмыла кіріскен бұл шара жылдар өте келе көгалға оралған елорданың келбетін де қалыптастыруға да үлкен үлес болатыны сөзсіз.
Тоқтала кететін жайт, сәуірдің 11-і мен 25-і күндерін қамтитын сенбілік барысында ағаш егуден басқа, рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс үйінділерін қала сыртына шығару, құрылыс нысандарының, мектептер, медициналық және басқа да мемлекеттік органдардың алаңдарын, сондай-ақ гүл бақтары мен саябақтарды, қалаға кіреберіс автожолдарды қоқыстан тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.