Парламент депутаттары сотталған адамдарды беру туралы шартты талқыға салды
10:37, 22 Қазан 2013
АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс тобының мүшелері кеше, 21 қазанда «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарады.
Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Қуаныш Сұлтанов 2011 жылғы 22 ақпанда Бейжің қаласында жасалған осы шарттың маңыздылығын атап өтті. Заң жобасының мақсаты, аталған шарттың іске асырылу жайы туралы ҚР Бас прокуратурасы халықаралық ынтымақтастық департаменті шарттық-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы Айбек Нұрахметов қысқаша баяндап берді. Ол аталған шарт халықаралық маңызды құжат екенін атап өтті. «Себебі бізде де Қытай тарапымен ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттар бар. Бұл Шарт екі мемлекет арасындағы сотталған адамдарды олар жазаларын одан әрі өз Отанында өтеу үшін ауыстыру мүмкіндігімен байланысты мәселелерді реттейді. Осындай шарттар Әзірбайжан, Түркіменстан, Украина, Испания және Түркия елдерімен жасалған. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңның 11-бабына сәйкес осы Шарт ратификациялауға жатады. Себебі адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты болып отыр»,- деді Айбек Нұрахметов. Отырысқа қатысқан депутаттар Уәлихан Бишімбаев, Серікбай Нұрғисаев және Нұрғали Әшім аталған Шартқа қатысты баяндамашыға сұрақтар қойды. Парламентшілер қылмыскерлерді транзиттеу тетігі қалай жүзеге асырылатыны, кімдер алып жүретіні туралы, сондай-ақ бір ел мен екінші елдің қылмыстық заңнамасы сәйкес келмей, қайшылықтар туындайтын болса, оның шешілу жолдары қарастырылған ба деген сияқты мәселелерді көтерді. Баяндамашы қандай мәселе де екі елдің заңдарына сәйкес және қос мемлекет арасындағы келісімдер негізінде шешілетінін мәлімдеді. Отырысты қорытындылаған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық байланыстың жақсы екенін, бұл Шарт әртүрлі жолдармен қылмыс жасап, істі болған азаматтарымызды қорғау мақсатын көздейтінін жеткізді. «Ең бастысы, біз азаматтарымыздың шетелге шыққанда, сақ болуын, арбауға немесе әртүрлі жолдармен қылмыстық жолға түсіп кетпеуін ескертіп, осы бағытта көбірек насихатталғаны жөн»,- деді. Аталған заң жобасы енді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысына шығарылады. Одан кейін Палатаның жалпы отырысының қарауына ұсынылатыны көзделуде.