Парламент депутаттары «Жетісу» Ұлттық компаниясының нысандарын аралады

;АЛМАТЫ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары «Жетісу» ӘКК Ұлттық компаниясының нысандарын аралады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттар сапарын Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қырбалтабай аулында салынып жатқан медицина өнімдерін шығаратын зауыттан бастады.   Одан кейін Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында орналасқан ет пен шұжық өнімдерін өңдеп, көкөністерді сақтайтын өндірістік-логистикалық кешенге барды. Сонымен қатар Алматы қаласындағы «Тұскиіз» текстил орталығын аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

«Бiздiң мақсатымыз - жаңа жұмыс орнын беретін мүмкіншілігі бар кәсіпорындардың нақты жобаларын көру. Сондай-ақ осы құрылымда ӘКК мен жергілікті билік өкілдері арасында  айқын қарым-қатынас сақталса жақсы болар еді. Қазіргі уақытта осы саланы реттейтін айқын заң шығару базасының болмағандығынан бір қатар мәселелер туындап отыр», дейді  вице-спикер Сергей Дьяченко.

«ӘКК-нің инвестициялық міндеті, энергетикалық индустриялық-инновациялық жоба бойынша Алматыда азық-түлiк белдеуін жасау», дейді аталмыш компанияның басқарушы директоры Арыстанбек Тәниев.