Парламент дипломатиялық қызмет мәселелеріне қатысты заңды қабылдады

АНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңын қабылдады.

Аталған заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Бұл ретте құжат кәсіби білікті мамандардың дипломатиялық қызмет органдарынан жұмыстан кетуінің артуына байланысты дипломатиялық қызмет саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу қорытындылары бойынша әзірленген. Бұл ретте жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес, дипломатиялық қызмет персоналын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, дипломатиялық қызмет органдарының қызметін ұйымдастыру, кадрлық әлеуетті нығайту және дипломатиялық қызмет тартымдылығын арттыру шаралары қамтылып отыр.

Заңға сәйкес дипломатиялық қызмет органдарының негізгі функциясын нақтылау бөлігінде бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасында дипломатиялық және қызметтік паспорттарын берумен қатар 1999 жылғы 20 шілдеде ҚР Президентінің Өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты туралы ережеге сәйкес оларды есепке алу, сақтау және жою шаралары көзделеді.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.