Парламент Дүниежүзілік пошта одағының жарғысына қосымша хаттаманы қабылдады

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Сегізінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік пошта одағы Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесінің мәртебесі бар халықаралық ұйым болып табылады. Ал Қазақстан 1992 жылдан бері Дүниежүзілік пошта одағына толық құқықты мүше мемлекет болып отыр. Хаттама ережелерінде олардың тағайындалған операторлары Дүниежүзілік пошта одағының құрамына кірмейтін аумақтарға қызмет көрсететін мүше елдер басқа мүше елдер үшін делдал болуға міндетті деп айқындалған. Бұдан бөлек, құжаттың 3-бабына сәйкес, Дүниежүзілік пошта одағына мүше елдер немесе олардың тағайындаған операторлары өңірлік одақтар құра алады және халықаралық пошта қызметі туралы арнайы келісімдер жасаса алады. Бұл ретте олар мүдделі мүше елдер қатысушысы болып табылатын актілерде көзделген ережелерден қолайсыздау ережелерді енгізбеулері тиістігі қарастырылып отыр.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.