Парламент Еуропа мәдени конвенциясын қабылдады

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Еуропа мәдени конвенциясын ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Аталған құжаттың мақсаты 1954 жылы 19 желтоқсанда Париж қаласында жасалған Конвенцияны қабылдау болып табылады. Конвенцияға қосылу Қазақстанның Еуропа мемлеттерінің тілдерін, тарихы мен мәдениетін зерделеуі үшін мүмкіндігінше жағдайлар жасай отырып, дүниежүзілік мәдени кеңістікке кірігуіне жәрдемдеседі. Сондай-ақ Конвенция жалпы еуропалық мәдени құндылығы бар заттарды қорғаудың құқықтық қағидаттарын белгілейді және оларға дұрыс қол жеткізілуін қамтамасыз етеді.

«Еуропа Конвенциясына қосылу еліміз үшін Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуге өз үлесін қосатын болады. Бұдан бөлек, осы арқылы бірлескен мәдени, ағартушылық және басқа да жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болады. Еліміздің мәдениет және білім саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырады», - деді құжат бойынша баяндама жасаған ҚР Мәдениет министрлігің Жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева. Оның айтуынша, Конвенция қазақстандық сарапшылардың Еуропа кеңесінің мамандандырылған комитеттерінің отырыстарына қатысуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Еуропаға жол» бағдарламасындағы міндеттемелер аясында да құжатты қабылдау өзекті болып табылады.

Сонымен қатар, Конвенцияға қосылу Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің тілін, тарихын және мәдениетін зерттеуді дамытуға, сондай-ақ Еуропалық білім министрлерінің 1999 жылғы 19 маусымдағы «Еуропа жоғары білім кеңістігі» ортақ мәлімдемесіне (Болон декларациясы) қатысушы мемлекеттер құрған Болон процесіне қатысуға мүмкіндік береді. Осының аясында Еуропа мемлекеттері тарапынан Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының дипломдары танылады.

Құжат Мемлекет Басшысының қол қоюына жіберілді.