Парламент қандай маңызды заңдар қабылдады

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

АСТАНА. KАZINFORM – Сегізінші сайланған Парламенттің 2-сессиясының жұмысын аяқталып, депутаттар каникулға кетті. Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды.

Соңғы жылдары жылумен, электрмен жабдықтау саласындағы проблемалар жиі көтеріле бастады. Апаттарға, жылумен қамтамасыз ету жүйесіндегі ақауларға тап болдық. Бұл – жылдар бойы қордаланған проблемалар. Өйткені, өңірлерде жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған. Осы ретте Парламент қабылдаған жылу энергетикасы туралы заң саладағы жағдайды біршама жақсарта түспек.

Депутаттар жылумен жабдықтаудың барлық кезеңі бойынша – өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгізді. Объектілердің жылу беру маусымына дайындығына бірінші басшылар тікелей жауапты болады. Сонымен қатар, жылумен жабдықтау жүйесінде ақау табылса, тұтынушылар шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ электрмен жабдықтаушы делдал ұйымдардың қызметін тоқтату жөнінде норма қабылданды. Бұл нормаға қатты қарсылық білдіргендер де болғаны жасырын емес. Бірақ депутаттар мен мемлекеттік органдар бірлесіп, норманы қорғап шықты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Тағы бір мәселе – мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшіліктер. Жүйедегі бұрыннан келе жатқан проблемалар оның дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтірді. Соның салдарынан жергілікті жерлерде, әсіресе инфрақұрылым нысанын салу саласындағы бастамалар жылдар бойы іске аспады. Сондықтан Мемлекет басшысы бүкіл мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын. Қабылданған Мемлекеттік сатып алу туралы заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Ол мемлекеттік сатып алудың ашықтығын, сапаның бағадан басым болуын қамтамасыз етеді.

Осы сессияда депутаттар масс-медиа туралы заң қабылдады. Күні кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтау кезінде Президентіміз бұл заң журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтетінін атап өтті.

«Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сонымен қатар, депутаттар медицина қызметкерлері үшін де біртіндеп қолайлы жағдай туғыза алды. Мәселен, халық қалаулылары медицина қызметкерлерін қолдауға және жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған заң қабылдады. Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгізді. Әлеуметтік кепілдіктерді күшейтті.

Осы Заң дәрігерлерді ауылға баруға ынталандыра түсті. Енді ауылдық ауруханаларда жұмыс істегісі келетін дәрігерлер ең төмен 100 жалақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы алады. Бұл – шамамен 9 миллион теңге. Бұдан былай дәрігерлерге айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілетін болады.

Сессияда депутаттар алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» дербес заң қабылдады. Бұрын бізде мұндай заң болмаған. Осы заңды қабылдау арқылы Қазақстан халықаралық міндеттемелерді орындап қана қоймай, адам құқығын қорғау саласындағы құқықтық базаны да нығайта түсті.

Депутаттар Үкіметті күтпей-ақ, қоғамға қажет заңдарға өздері бастама жасады. Мәселен, Парламент депутаттары «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін заңнамалық база қалыптастырды. Бұл – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастаманың бірі. Биылдан бастап балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлемдер түсіп жатыр. Осылайша, еліміздің ұлттық байлығынан түсетін табыстың үлесі балаларға тие бастады.

Депутаттар жер және жер қойнауы, барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі туралы конституциялық норманы нақты іске асырды. Енді жаңа ірі мұнай-газ кен орындарының 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі болмақ. Бұл екі заң да – әлеуметтік әділдік қағидаттарын нақты іске асырудың айқын көрінісі.

Сондай-ақ, депутаттар бастама көтеріп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірледі. Азаматтарымыздың резонанс тудырған қылмыстарға реакциясы, зорлық-зомбылыққа төзбеу депутаттарды осы саладағы заңнаманы едәуір қатайтуға итермеледі. Мемлекет басшысы да Жолдауда және Ұлттық құрылтайда бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірген болатын. Осы заң арқылы Қазақстан қоғамында зорлық-зомбылықтың өршуіне тосқауыл қойылды.

Фото: Polisia.kz

Соңғы уақытта халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі де қатерлі сипат ала бастағаны белгілі. Ел Президенті осыған алаңдаушылық танытып, бұл проблема азаматтардың жағдайына да, көңіл-күйіне де тікелей әсер ететінін бірнеше рет айтты. Мәселені түбегейлі шешу үшін Парламент кредит беру кезінде қауіп-қатерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заң қабылдады. Бұл заң – азаматтардың қаржылық проблемалары туралы келіп түскен өтініштеріне нақты жауап. Осы қадам халық арасында қарыздың айтарлықтай азаюына септігін тигізбек. Осылайша, Парламент тұңғыш рет банктер мен қаржы ұйымдарының емес, халықтың мүддесін қорғайтын заң қабылдады.

Депутаттар Ұлттық құрылтайдың отырысында ұсынылған бастамаларды да іске асыра бастады. Елде лудомания сияқты қоғамдық дертке қарсы жалпыұлттық күрес жарияланды. Мемлекет басшысы құмар ойынды ХХІ ғасырдағы ең келеңсіз әлеуметтік індеттің бірі деп атады. Тек ресми деректер бойынша, шамамен 400 мыңға жуық азамат құмар ойынның құрығына түскен. Олардың дені – жастар.

Ойын бизнесі туралы заң Парламент қабырғасында, түрлі қоғамдық алаңдарда ұзақ уақыт бойы талқыланды. Заңды қабылдауға қарсылық танытуға тырысқан ықпалды топтар да болды. Соған қарамастан депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салынды. Осылайша, қоғамды әлеуметтік тұрғыдан сауықтыру жолында маңызды қадам жасалды.

Вейп сатуға тыйым салатын заң нормалары жақында ғана күшіне енді. Соңғы екі жылда елдегі вейп айналымы 300 есе өскен. 2,5 жыл ішінде елге үш миллионға жуық вейп әкелінген. Денсаулық сақтау туралы заң аясында вейп таратуға толық тыйым салынды.

Сонымен қатар, 2-сессияда Президенттің тағы бір бастамасы – көшедегі, табиғат аясындағы вандализм әрекеттеріне қарсы күрес шаралары заңнамалық сипатқа ие болды. Осы заң арқылы бұл мәселеде тәртіп орнатып, еліміздің табиғи және мәдени құндылықтарының сақталуына ықпал етілді.