Парламент Қазақстанда Дүниежүзілік Банк офистерін құру туралы келісімді қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Қазақстан мен Дүниежүзілік Банк арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатындағы келісімге 2016 жылғы 21 қаңтарда Давоста Дүниежүзілік экономикалық форум аясында қол қойылған.

Келісім 1994 жылғы 23 мамырдағы Алматы қаласында тұрақты өкілдік құру туралы шартты алмастырады. 2001 жылдан бастап, Дүниежүзілік банктің өкілдігі Астанада жұмыс істейтіні, ал, Алматы кеңсесі осы қаржы институтының Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі мәртебесін алғаны белгілі.

«Дүниежүзілік Банктің қызметкерлеріне тең құқықтар беру мақсатындағы жаңа келісімге сәйкес, олардың азаматтығына қарамастан артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі. Бұл ретте Дүниежүзілік Банктің қызметкерлеріне олардың азаматтығына қарамастан тең құқықтарды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қызметкерлердің артықшылықтары мен иммунитеттері, атап айтқанда, салық төлеу мен әлеуметтік төлемдерден иммунитет беріледі», деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, Келісімде қарастырылған артықшылықтар Орталық азиядағы өңірлік офис ретіндегі Дүниежүзілік Банк офистері мәртебесінің кеңеюімен, сонымен бірге, Қазақстан Үкіметіне сенім деңгейінің өсуіне байланысты.

Құжатқа сәйкес, Дүниежүзілік банк Қазақстанда офистерге ие болып, оларды операциялық және әкімшілік қолдау қызметтерін көрсету үшін қызметкерлермен жасақтайтын болады. Дүниежүзілік банк қызметкерлер мен қызметшілерге жалақы мен басқа да шығыстарды толық көлемде өзіне алады. Банктің офистері мен үй-жайларына қол сұғылмайды және ол Дүниежүзілік банктің қарауы мен басқаруында болады.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.