Парламент Кеден одағы аясындағы тариф ставкаларына өзгеріс енгізетін құжатты қабылдады

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін спикер Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында «2008 жылғы 12 желтоқсандағы Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданады.

Қабылданған заң негізгі Хаттама нормаларын 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шарттың нормаларына сәйкес келтіруді, атап айтқанда Кеден одағының комиссиясын таратуды және өкілеттіктерін Еуразиялық экономикалық комиссияға беруді көздейді.

Аталған хаттама Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін импорттық кеден баждарын біржақты тәртіппен қолданудың неғұрлым ұзақ мерзімін белгілеуге мүмкіндік береді. Егер осындай шаралар тарап мемлекеті экономикасының тиісті саласын дамыту үшін қажетті болып табылса, онда мемлекеттердің бірі неғұрлым жоғары ставканы қолдана алады. Сондай-ақ, үшінші елдерден дәстүрлі импортына елеулі деңгейде тәуелді және кеден одағында мұндай тауарлар өндірісін қанағаттандыру мүмкін емес ішкі нарықтағы тауарлардың аса тапшылық жағдайындағы тараптардың бірі неғұрлым төмен ставканы қолдана алады. Сондай-ақ, мұндай жоғары немесе төмен ставкаларды қолдану мерзімі 2008 жылғы хаттамада 6 айдан аспайтын болатын. Дегенмен, осы өзгерістерді енгізуде ондай ставкалардың қолдану мерзімін барынша ұзартуға қол жетіп отыр.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.