Парламент Конституцияға өзгеріс енгізу туралы Заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр

None
АНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда талқылануда.

«Біз Парламент депутаттары Конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасадық. Мемлекет басшысына Үндеу жолдаған болатынбыз. Ол өзгеріс бойынша ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігі көзделген. Бұл шешімді Парламент депутаттары тәуелсіз республиканың ірге тасын қалаушы және егемен Қазақстанды құруда Мемлекет басшысының өз еліне сіңірген баға жетпес еңбегін ескере отырып қабылдап еді. 6 қаңтарда Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерді референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамау туралы Жарлыққа қол қойды. Сол күні менің қабылдауымда Сенат пен Мәжілістің бір топ депутаттары болды. Олар осы мәселені Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес қарау үшін Парламенттің бірлескен отырысын шақыру туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар Елбасының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамашыл топ референдум идеясына қолдау көрсеткен 5 млн. астам қазақстандықтардың атынан Парламенттің бірлескен отырысында Елбасының өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін көздейтін Конституцияға өзгеріс енгізуін сұрап, Парламентке Үндеу жолдады»,-деді жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.

Төрағаның айтуынша, Конституцияның 91-бабаның 1-тармағына сәйкес, егер Президент Конституцияға енгізілген өзгерістерді республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламенттің әрқайсысының кемінде 5-тен 4-інің көпшілік даусымен Парламент Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң қабылдауға құқылы.

Ескере кететін тағы бір мәселе, Конституцияның 62-бабының 6-тармағына сәйкес ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша Парламенттің бірлескен отырысында кемінде екі оқылым өткізілуі тиіс.