Парламент конституциялық заң қабылдады: елдің тұтастығы қағидаты күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сенатор Әли Бектаев әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы жаңа Конституциялық заң аумақтарды басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын айтты.

Оның пікірінше, құжат жергілікті билік органдары арасындағы өкілеттіктерді нақтылап, әкімшілік-аумақтық бірліктерді цифрлық есепке алу жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар заң агломерациялар мен қала маңы аймақтарын басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды көздейді.

Атап айтқанда, құжатта елді мекендерді айқындау, оларды құру, қайта құру және тарату, шекараларын өзгерту тәртібін айқындау бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың құзыреті нақтыланды.

— Ең бастысы, заңда еліміздің бірлігі мен тұтастығы туралы қағидат күшейтілді. Мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымы ал аумағының тұтастығын сақтап, оған қол сұғылмауын және оның бөлінбеуін қамтамасыз етеді, — деді Әли Бектаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 15 мамырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.