Құжаттың мақсаты нормативтік және нормативтік емес құқықтық актілер туралы заңнаманың мәртебесін бір заңнамалық актіде регламенттеу арқылы оларды жүйеге келтіру болып табылады.
Тұтастай алғанда, заң жобасы күші жойылады деп тануға жоспарланған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» қолданыстағы заңының ережелеріне негізделген. Сонымен бірге Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында құқықтық актілер 2 топқа: нормативтік және нормативтік емес болып бөлінеді. Бұл ретте нормативтік құқықтық актілер тобына қазіргі уақытта қолданылатын нормативтік құқықтық актілер мен олардың түрлерін жатқызу ұсынылады. Ал нормативтік емес құқықтық актілерге нормативтік құқықтық ресми түсіндіру актілерін, жеке қолданылатын құқықтық актілерді, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілерді жатқызу ұсынылады.
Бұдан бөлек, заң шығару қызметін жоспарлаудың жаңа нысанын - Парламент шақырылымы кезеңіне арналған заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын енгізу қарастырылады. Сонымен қатар, құқықтық мониторинг институтын жетілдіру ұсынылады. Сенаторлар құжаттың редакциялық мазмұнын жақсарту мен нақтылауға, оның терминологиясын бірізділікке келтіруге бағытталған бірқатар түзетулер енгізген.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.