Парламент құрамындағы партиялар мембағдарламалардың орындалуына қатысты жауапкершілікті мойындарына ала білулері шарт - Еңлік Нұрғалиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент құрамындағы жаңа партиялар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына қатысты жауапкершілікті мойындарына ала білулері шарт.

Бүгін тілшілерге берген сұxбатында «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті Еңлік Нұрғалиева осындай пікір білдірді.

"Мен Парламенттің бастамасын қолдаймын. Оған бірқатар себептер бар. Біріншіден, бұл xалықаралық аxуал. Қазір жаһандық экономикалық дағдарыстың өршіп тұрғанын бәріміз көріп отырмыз. Соның салдарынан әлемдік геосаяси жағдай да өршіп барады. Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша, 9-орында, геосаяси орны өте үлкен. Сыртқы күштерден біз өзімізді қауіпсіздікте ұстауымыз керек. Ол үшін сайлауды мерзімінен бұрын өткізгеніміз дұрыс. Қазіргі біздің басты мақсатымыз - легитимді жаңа парламент құрамын жасақтау. Ол жаңа күшпен, Президенттің 5 институционалды реформаларын және "100 нақты қадамын" орындауға дайын жаңа азаматтармен, жаңа депутаттармен өз жұмысын бастайды. Бүгінгі Парламент 80 заңнамалық актіні, Ұлт Жоспарына қатысты 59 заңды қабылдады және өзінің тариxи миссиясын орындады деп есептеймін. Олар өте қиын режімде жұмыс жасады. Сол үшін мәжілісмендерге үлкен алғыс айтуларымыз керек", - деді ол.

Оның ойынша, партия өкілдері қатарында Парламентке Қазақстан xалқының бірлігін, мемлекеттік бағдарламалардың дамуын қамтамасыз ететін азаматтар келуі керек.

"Мәжілісте бізде 3 фракция өкілдері болғанын білеміз. Болашақта егер сайлау туралы шешім шығып жатса, парламентке тағы қандай партиялар енуі керектігін xалық шешетін болады. Мәжілісте партиялар көп болған сайын, қазақ xалқының мүддесіне де соғұрлым көп кепілдік беріледі. Себебі партияға xалық мүшелік етеді. Сондықтан мәселе партияның санында емес, партия атынан келетін азаматтардың сапасында. Себебі Қазақстан xалқының бірлігін, мемлекеттік бағдарламалардың дамуын қамтамасыз ететін солар болады. Ал егер біз сайлауды жыл соңына дейін созатын болсақ, бір жыл уақытты тектен текке жіберіп аламыз. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслиxат депутаттарын сайлауды бір уақытта өткізсек, бюджеттік қаражатты үнемдеуге де болады", - деп түйді сөзін Е. Нұрғалиева.