Парламент Мәжілісі ауылдық жерлерге медициналық және педагогикалық кадрларды бекіту мәселесін қарастырмақ

None
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Парламентінің Мәжілісі қазан айында ауылды жерлерге медициналық және педагогикалық кадрларды бекіту мәселесін қарастырмақ.

Бұл туралы бүгін елордадағы Бейжің сарайында «Нұр Отан» ХДП Халықтық тұғырнамасын жүзеге асыру барысы туралы» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар барысында Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің төрайымы Айткүл Самақова мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың қазанында біз Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлесіп, ауылдық жерлерге медициналық және педагогикалық кадрларды бекіту туралы мәселені қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ауылдық жерлердегі жас мамандарға әлеуметтік топтама бөлу, үш және одан да көп баланың дүниеге әкелген жас отбасыларға тұрғын үй несиесін жабу үшін қосымша мемлекеттік көмек беру турасындағы «Нұр Отан» партиясының Халықтық тұғырнамасындағы жастар саясаты бөлімінде белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қарастырылады», деді Мәжіліс депутаты өз сөзінде.

«Нұр Отан» ХДП Халықтық тұғырнамасын жүзеге асыру барысы туралы» республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының өкілдері, Парламент депутаттары қатысты.