Парламент Мәжілісі депутат С. Баймағанбетовтың өкілеттілігін тоқтатты

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Серік Баймағанбетовтың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Орталық сайлау комиссиясы палата отырысына конституцияның 52-бабына, «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңына сәйкес депутат С. Баймағанбетовтың өкілеттілігін тоқтату туралы ұсыныс жасаған. Естеріңізге сала кетейік, депутат С. Баймағанбетов Мемлекет басшысының сәуірдің 2-сіндегі Жарлығына байланысты ҚР Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Осыған орай палата депутаттары ОСК ұсынысын қабылдап, депутаттың өкілеттілігін тоқтатты. Сондай-ақ жиын барысында палата депутаттары Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің жаңа төрағасын сайлады. «Нұр Отан» ХДП фракциясы атынан комитет төрағасы қызметіне депутат Рахмет Мұқашев ұсынылған болатын. Бұл ұсыныс бірауыздан мақұлданды.