Парламент Мәжілісінде жайылым мәселелері талқыланды

АСТАНА.  20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда «Жайылым туралы» заң жобасы талқыланды.

  «Бүгінгі таңда Қазақстандағы жайылымдар жағдайы тым ауыр. Сондықтан да, бұл саланы дамыту, оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Жайылым - бұл мал бағуға арналған ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер ғана емес, дәл осы саланың дамуымен барлық мал шаруашылығын өркендету, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері байланысты болып табылады. Сонымен қатар, бабалардан бізге өте ауқымды жайылым ресурстары қалғаны да бегілі. Осындай мұраны біз сақтап қана қоймай, келешек ұрпаққа залалсыз, тоздырмай жеткізіп отыруымыз керек», - деді жиынды ашқан депутат, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жексенбай Дүйсебаев.

Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда Мәжіліс қабырғасында «Жайылымдар туралы» екі заң жобасы қатар талқылануда. Оның бірін Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері дайындаған болса, екіншісі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ұсынылған. Мамандардың айтуынша, бұл екі жоба бір-біріне қайшы емес, керісінше  бір-бірін толықтыратын тұстар жетерлік. Сондықтан да, депутаттар мүдделі министрлікпен бірлесе отырып, алдағы уақытта сапалы заң жобасын әзірлеуге кіріспек. Ал талқылауға ұсынылған заң жобасы негізінен еліміздегі жайылымдарды тиімді, ұтымды пайдалануға байланысты қатынастарды реттейтін болады. Бұдан бөлек, құжат жайылымдар инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылым жерлерінің тозуын болдырмауға, қоршаған ортадағы жайылым экожүйелерінің экологиялық тұтастығын сақтауға бағытталған.