Парламент Мәжілісінің жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы өтуде

АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары 2014 жылғы алғашқы жалпы отырыста бастарын қосты.

Палатаның Бюросы ұсынған күн тәртібіне сәйкес, депутаттар бірқатар мәселелерді талқыға салатын болады. Атап айтқанда, онда «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленеді. Ал Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін баяндайды. «Бернде 1999 жылғы 21 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов сөз сөйлейді деп күтілуде. Сонымен қатар ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің ҚР қызметіне қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына қатысты баяндайды. Бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобаны екінші оқылымда талқыламақ.