Парламент «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды қабылдады

АНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік мүлік туралы» заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан енгізілген түзетулерді талқылап, құжатты қабылдады. Енді Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі палатаның жалпы отырысында заң жобасына қатысты сенаторлардың түзетулерін әлі де пысықтай түсу үшін құжатты Бас комитетке қайтарған болатын. Жалпы, заңның басты мақсаты - мемлекеттік мүлікке мемлекеттік құқықты жүзеге асыру үдерісінде қалыптасқан қатынастарды реттейтін мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, қағидаттары мен ережелерін айқындайтын заңнамалық базаны жетілдіру болып табылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы заманғы экономикалық жағдайда өзгеріп отырған мемлекеттің рөлін мемлекеттік активтерді тиімді басқару проблемаларына жаңа тұрғыдан қарау қажеттігін айтқан болатын. Бұларды заңнама нормасына айналдыру қажеттігін, соның ішінде мемлекеттік активтерді басқару туралы бөлек заңның болуы тиістігін алға тартқан еді.

Бұдан бөлек, құжат жеке меншік пен мемлекеттік меншіктің тең болу қағидаты сақталған жағдайда мемлекеттік басқарушы тұжырымдамасына негізделген. Сонымен қатар, заң жобасын әзірлеу негізгі үш мақсатты қамтыған болатын. Атап айтқанда, біріншіден - мемлекеттік меншіктің және өзге де құқықтардың иесі ретінде мемлекеттік мүлікке құқықтарды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Екіншіден - мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар құзіретінің аражігін ажырату және мемлекеттік органдар мен олардың басшыларын мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізудегі жауапкершілігін арттыру. Үшіншіден - ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін, олардың мемлекеттік органдармен нақты қарым- қатынасын қамтамасыз етуге жауапкершілігін белгілеу.

Сенат жасаған түзетулер тағы бір мәрте пысықталған соң, Бас комитет құжатты қабылдау туралы ұсыныс жасап, палата депутаттары оны қолдады.