Парламент міндетті және өзара сақтандыру туралы заңды қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат бойынша қос палата арасында келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясы құрылып, оның қарауына 56 түзету шығарылған болатын.
Жалпы бұл заңның мақсаты сақтандырудың міндетті түрлерін қарастыратын заңнамалық актілердің жекелеген ережелерін нақтылау мен реттеуге бағытталады. Бұдан басқа құжатпен өзара сақтандыру қоғамдарын дамытуды одан әрі ынталандыру, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүліктік және әлеуметтік мүдделерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ салық әкімшілігін жүргізуді жетілдіру шаралары көзделеді. Атап айтқанда, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірген зиян үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі функцияны өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру ұйымдарына беру көзделеді.
Қос палата арасындағы келісім комиссиясы 56 ұстаным бойынша келіспеушіліктерді қарап шықты. Комиссия шешімі бойынша бұның 3-еуі Мәжілістің редакциясында, 9-ы Сенаттың, ал қалған ұстанымдар бірлескен редакцияда қабылданды.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.