Аталған конвенцияны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2006 жылы 13 желтоқсанда қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта конвенцияны 151 мемлекет ратификациялаған.
«Қазақстан мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және оның хаттамасына 2008 жылы қол қоя отырып, адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды одан әрі ілгерілетуге дайындығын растады. Конвенцияның ережелеріне сәйкес, қатысушы мемлекеттер барша мүгедектерді адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарын мүгедектік белгісі бойынша ешқандай да кемсітушіліксіз толық іске асырылуын қамтамасыз етуге және көтермелеуге міндеттеледі. Екіншіден, экономикалық-әлеуметтік және мәдени құқықтарға қатысты әрбір қатысушы мемлекет өзінде бар ресурстарды барынша іске қоса отырып, осы құқықтарды толық іске асыруға біртіндеп қол жеткізуге арналған шараларды қабылдауға міндетті болады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Тұтастай алғанда, Конвенция мүгедектер құқықтарын қорғауға, мүмкіндігінің шектелуіне байланысты кемсітушілікті жоюға, мүгедектердің қоғамдық өмірге толықтай қатысуын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл ретте қатысушы мемлекеттер мүгедектердің жеткілікті деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету және олардың әлеуметтік қорғалуы үшін тиісті шаралардың барлығын қабылдауға тиіс. Атап айтқанда, мүгедектерге көлікке, ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ халық үшін ашық нысандарға немесе ұсынылатын қызметтерге басқа адамдармен теңдей қол жеткізуге кепілдік береді.
«Қазақстан Конституциясының 14-бабында әлеуметтік жағдайына байланысты ешкімді де ешқандай да кемсітуге болмайтындығы көрсетілген. Яғни, бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тең құқылы екендігін дәлелдейтін үлкен тұжырым. Сосын мүгедектерді әлеуметтік қорғау, оларға білім беру, медициналық көмектер көрсету, жұмысқа тарту мәселелері бойынша елімізде заңдар қабылданып іске асып жатыр», - деп атап өтті Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша Конвенцияның ратификациялаудың тиімділігі - бұл мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі құқықтарының толық іске асуына біртіндеп қол жеткізуге жол ашады. Жалпы, Конвенция мүгедектердiң қоғамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени өмiрiне қатысуын қамтамасыз етуге, мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiктi жоюға, сондай-ақ мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудiң тиiмдi құқықтық тетiктерiн жасауға бағытталған.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.