Естеріңізге сала кетейік, құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2006 жылғы және 2010 жылғы Жолдауларына сәйкес әзірленген. Бұл Жолдауларда Елбасы Астанада ерекше қабылдау шарттары мен түлектерге қойылатын айырықша талаптары бар беделді инженерлік-оқу орнын құру туралы міндеттерін қойған болатын. Бұдан бөлек бүгінгі күні қолданыстағы «Білім туралы» заңда кең ауқымды дербестігі мен академиялық еркіндігі, қамқоршылық кеңес арқылы басқару жүйесі, студенттерді қабылдаудың өзіндік ережелері көзделмеген. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамадан қазіргі заманғы білім беру бағдарламаларын, оның ішінде әлемнің жетекші жоғары оқу орындары санатындағы шетелдік әріптестермен бірлесіп білім бағдарламаларын енгізу мүмкіндігі бар жоғарғы оқу орындарын құру және олардың жұмыс істеу мүмкіндіктері қарастырылмаған. Осыған байланысты аталған заң жобасын әзірлеу өзекті әрі уақытылы болып отыр. Атап айтқанда, заң жобасы білім беру саласында жаңа басқару нысанын енгізуге, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға қажетті. Университеттің және зияткерлік мектептердің академиялық еркіндігі мен дербестігін дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, құжатта білім беру саласында ең үздік әлемдік практиканы ескере отырып, жаңа білім беру стандарттарын енгізу үшін жағдай жасалады.
Бұдан бөлек, қабылданған заң арқылы «Назарбаев Университеті» мен мектептеріне заман талабына сай оқу бағдарламаларын әзірлеп, сынақтан өткізетін және үздік тәжірибені республика көлеміне тарата алатын басымды білім ошағына айналдыру міндеті жүктеледі. Университет, Зияткерлік мектептер мен Қор үшін басқарудың жалғыз жоғары органы - Ұлт көшбасшысы басқаратын жоғары қамқоршылық кеңес болып табылады. Университеттің, зияткерлік мектептер мен қордың басқару органы - олардың жекелеген қамқоршылық кеңестері болады. Ағымдағы басшылықты атқарушы орган жүзеге асырады. Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес, үздік халықаралық тәжірибеге негізделген университеттер мен мектептерді алқалы орган - қамқоршылық кеңестің басқаруы заман талабына сай. Басқарудың аталған тәжірибесі Ұлыбритания, Австралия, Канада, Швеция, Финляндия секілді елдерде кеңінен таралған. Қамқоршылық кеңестер жоғары оқу орындары қызметінің маңызды мәселелері бойынша алқалық шешімдер қабылдайды. Бұдан бөлек, университеттерде әртүрлі мәселелер бойынша декандар кеңесі, академиялық кеңес, ғылыми кеңес секілді өздерінің ішкі кеңестері де болады.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» туралы арнайы заң қабылдау арқылы аталған білім ошақтарының құқықтық негізі қаланады. Бұдан бөлек еліміздегі барша оқу орындарына жаңа жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.