Парламент оралмандардың тарихи отанына оралуын ынталандыратын Заңды қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады. Енді Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Аталған заңда этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында олардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда оралмандарға жағдайлар жасалады. Мәселен, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этникалық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік көмектер қамтылмақ. Бұндай әлеуметтік көмектер еліміздің бір өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңіріне қоныстанған оралмандар үшін де беріледі. Ал алғашқы қоныстанған, яғни Үкімет айқындаған өңірінен бес жыл мерзімінен бұрын өз бетінше көшіп-қонып, қоныс аударып кеткендер, Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқандар өздері алған мемлекеттік қолдауларды қайтаратын болады. Сонымен қатар, оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделеді.

Тұтастай алғанда, қабылданған Заң ішкі еңбек нарығын қорғау, халықаралық міндеттемелерге сәйкес білікті шетелдік мамандардың еркін нарығын құру, этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыру мақсатында көші-қон үдерісін ұтымды реттеуге бағытталады.

«Мәселен, бұл ретте еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жоғару оқу орындарына, колледждерге жастарды оқыту үшін арнайы гранттар енгізіледі. Шетелдіктерге оның ішінде Қазақстан аумағында тұратын оралмандарға елден шықпай визаны создыру мәселелері де қаралып отыр. Осы санаттағыларға тұрақты тұруға рұқсат берулер негіздемелері жеңілдетілген. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтарға азаматтық алу тәртібі де жеңілдетіліп отыр», - деді құжатқа қатысты баяндаған сенатор Ләззат Қиынов.

Парламент қабылдаған Заң Елбасының қол қоюына жолданады.