Парламент өз қызметінің барысында 1 мың 800-ден астам заң қабылдады - Р. Мұқашев

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Парламент өз қызметінің барысында 1 мың 800-ден астам заң қабылдады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Парламентіне 15 жыл: қалыптасуы және дамуы» деген тақырыпта өткен ғылыми-практикалық конференция барысында баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев осылай мәлім етті.

«Бұған дейін ел парламентаризм институтын одан сайын дамыта түсуге бағытталған ірі ғылыми-практикалық конференциялар болып өтті. Бұндай шаралар заң шығару билігінің даму қарқынына оң септігін тигізді. Тоқтала кететін тағы бір жайт, кәсіби Парламенттің 15 жылдығы барысында саяси жаңғырулар эволюциялық үдеріспен жүзеге асты. Саяси партиялардың заң шығарушы биліктің қызметіне араласуы одан сайын тереңдеді. Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, алдағы сайлауларға барлық саяси күштердің қатысуы, сондай-ақ көппартиялы палатаның болу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл ретте кәсіби Парламенттің орнығуы әлемдік парламенттік құрылыстың тәжірибесіне негізделгенін атап өтуіміз керек», - деді Р. Мұқашев.