Парламент палаталары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін тыңдайды

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент палаталарының жалпы отырысы өтеді. Онда мәжілісмендер мен сенаторлар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдайды.

Айта кетейік, 18 маусымда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар дәл осы мәселені қараған еді. Сол кезде Үкімет атынан есеп берген Қаржы министрі Мәди Такиевің айтуынша, өткен жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 4,8% болды.

Бюджет түсімдері 98% орындалып, шамамен 20 трлн теңге түсті. Шығыстар 23 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3 трлн 649 млрд теңгеге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 пайыз болды. Инфляция деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 9,8 пайыздан 8,6 пайызға дейін төмендеді.

– Жалпы барлық әлеуметтік міндеттемені Үкімет толықтай орындады. Оның ішінде өңірлерді қолдауға 7,1 трлн теңге, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар Үкімет резервінен, өңірлердегі ауқымды мәселелерге де бюджет қаражаты жұмсалды. Атап айтсақ, су тасқынын жою, жылу көздері мен желілерін жаңғырту, «ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі» ұлттық жобаны іске асыруға тиісті қаражат бөлінді, – деді Қаржы министрі.

Ал Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов қорытындыға сәйкес 2024 жылдың сәуірінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі жаңартылғанын, алайда орталық мемлекеттік органдар даму жоспарларын оған уақытылы бейімдей алмағанын айтты. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың даму жоспарының 7 негізгі ұлттық индикаторы мен 20 нысаналы индикаторына қол жеткізу мүмкін болмаған. Бұл ретте былтыр бюджет шығыстарына 13 рет өзгеріс енгізілген. Қаржыландыру жоспарынан 56 млрд теңгені құрайтын 112 бюджеттік инвестициялық жоба алынып тасталған. Екінші жартыжылдықта жалпы сомасы 58 млрд теңгеге басқа 96 инфрақұрылымдық жоба енгізілген.

Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата есебін талқылау кезінде Қазақстан халық партиясы мен «Ақжол» партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағалары өз фракиялары Үкіметтің есебін қабылдаудан бас тартатындарын мәлімдеді. Жалпы отырысқа қатысқан 91 депутаттың 72-сі жақтап дауыс берсе, 17 депутат қарсы дауыс берді, тағы 2 депутат қалыс қалды.

Талқылуды қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қойылатын талап бюджетті жоспарлау сапасын жақсартады әрі мемлекеттік органдардың стратегиялық басқару бағытын айқындай түседі.

— Алдыңғы жылдары біз республикалық бюджетке дивидендтер төлеуде де теңгерімсіздік барын байқадық. Осы мәселе де жаңартылған Бюджет кодексінде реттелген. Ал квазимемлекеттік сектор компанияларының дивиденд саясаты қайта қаралды. Жалпы, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік қаржы жүйесін толығымен қайта жаңғыртып, Үкіметтің дербес жауапкершілігін арттыруға тиіс. Бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне тағы да назар аударғым келеді. Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады. Жалпы, бірлескен жұмыс үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Палаталардың алдағы бірлескен отырысында осы мәселені талқылауды жалғастырамыз, — деген еді Мәжіліс спикері.

19 маусымда Сенаты спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қабылдады. Есептерді талқылау барысында депутат Арман Өтеғұлов ауыл шаруашылығындағы субсидия заңсыздықтарын атады.

— Субсидияға өтінім беріп, күту парағына тіркелген шаруаларға төленуі тиіс қаражат көлемі 373 млрд теңгеден асты. Бұл тек 8 субсидия түрі бойынша ғана алынған мәлімет. Яғни, субсидияға бөлінген қаражаттың 50 пайыздан астамы күту парағындағы қарыздарды жабуға жұмсалады деген сөз. Осы салаға жүргізілген аудит нәтижесіне келетін болсақ, қызметін тоқтатқан немесе кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын 2 500 нысанға 5 млрд теңге негізсіз субсидия төленген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына қатысы жоқ 2 900 субъектіге 5,4 млрд теңге көлемінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) көрсетілмей субсидия берілген, — деді ол.

Үкіметтің есебін қарау барысында республикалық бюджеттің кірістері 97,2 пайызға атқарылып, 19,6 трлн теңгені құрағаны айтылды. Сонымен қатар аудиторлар бірқатар кемшілікті анықтады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, ең алдымен, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы әрі нәтижелі іске асыру үшін бюджетті жоспарлауды жетілдіру керек.

«Біріншіден, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін бюджетті жоспарлау сапасын жетілдіру қажет. Бұл мәселе бюджеттің шығыс бөлігіне де, кіріс бөлігіне де қатысты. Екіншіден, бюджеттің кірістері мен шығыстары арасындағы теңгерімсіздік күшеюде. Былтырғы бюджетке салықтар толық көлемде түспегені белгілі. Соның салдарынан Ұлттық қордан алынатын трансферттердің көлемі өсіп отыр, үкіметтік борыш та ұлғайды. Үшіншіден, бюджеттің шығыс бөлігін бақылауға қатысты проблемалар әлі толық шешілген жоқ. Ұлттық жобаларды іске асыру барысында сапасыз болжау, мерзімдерді ұзарту және қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері анықталды. Бұл мәселелерді шешу үшін биыл жаңа Бюджет кодексі қабылданды. Сондай-ақ келесі аптада жаңа Салық кодексін қараймыз. Осы негізгі құжаттар басқа маңызды заңдармен қатар ұлттық экономиканың серпінді және тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.

Осыған дейін Парламенттің жаңа Салық кодексін бекіткені туралы жаздық.