Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды: үш заң жобасы қаралады

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жақын арада бірқатар маңызды заң жобасы Парламент қарауына енгізілетінін мәлімдеген еді.

Бүгінгі бірлеске отырыста Президент, Құрылтай, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңадан үш конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралады.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын биылғы 15 наурызда Республикалық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Ата заңы ережелерін іске асыру мақсатында Парламент депутаттары әзірледі. Құжат Құрылтайды ұйымдастыру және оның қызметін құқықтық реттеуге, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған.

Ал «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы да референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Президенттің заңнамалық бастамасы тәртібімен, ҚР Мемлекет басшысының арнайы жолдауымен Парламент қарауына енгізілді. Конституциялық заң жобасы Президенттің және ҚР Вице-президентінің құқықтық жағдайын айқындайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Республикасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойды.