Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жақын арада бірқатар маңызды заң жобасы Парламент қарауына енгізілетінін мәлімдеген еді.
Еске салсақ, 8 мамырдағы бірлескен отырыста Президент, Құрылтай, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңадан үш конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы да референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Президенттің заңнамалық бастамасы тәртібімен, ҚР Мемлекет басшысының арнайы жолдауымен Парламент қарауына енгізілді. Конституциялық заң жобасы Президенттің және ҚР Вице-президентінің құқықтық жағдайын айқындайды.
- Конституциялық заңның қабылдануы – президент институтын мемлекетіміздің жаңартылған конституциялық моделіне сәйкес одан әрі жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бұл модельге сәйкес Қазақстан Республикасы – әділеттілік, заңдылық және адамға бағдарланған қағидаттарға негізделген мемлекет. Ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, - деді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын биылғы 15 наурызда Республикалық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Ата заңы ережелерін іске асыру мақсатында Парламент депутаттары әзірледі. Құжат Құрылтайды ұйымдастыру және оның қызметін құқықтық реттеуге, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған.
Заң жобасына сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде осындай модельге бетбұрыс бар. Әлем елдерінде бір палаталы парламентке көшу - заң шығару процесінің ашықтығы мен саяси жауапкершілігін арттыруға деген ұмтылыспен байланысты.
Сонымен қатар, заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін жүзеге асыру нысандарын айқындайды. Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді.
Бұдан бөлек бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы өткен сайлау науқандары барысында анықталған мәселелерді шешу, сондай-ақ сайлау туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру үшін әзірленді.
– Біріншіден, әкімді сайлау кезінде қайта дауыс беру мәселелері регламенттелуде. Әкім лауазымына кандидаттардың жинаған дауыстары тең болған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір айдың ішінде қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды. Екіншіден, кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді. Мәселен, бір тұлға бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат бола алмайды, сондай-ақ бірнеше сайлау округтері бойынша да әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады, - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Мұнымен қоса, 15 мамырда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» үш конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленді.
- Ата заңымыздың мазмұны мен логикалық құрылымына сүйене отрып, жаңа Конституция – шын мәнінде, халықтық сипатқа ие болғанын ешбір күмәнсіз айтуға болады. Жоғарғы консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы осының айқын дәлелі. Конституциялық заң жобасы халық мүдделерін білдіруді қамтамасыз етуге және қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған – жаңа конституциялық институтты заңнамалық тұрғыда бекітуді көздейді. Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалады, - деді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Бірінші оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заң жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру.
Бұл тұрғыда, Астана мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншікті басқару және т.б. негізгі құзыреттер беріледі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралған алтыншы заң жобасы - «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» құжат.
Конституциялық заң жобасына әкімшілік-аумақтық бірліктерді айқындау, оларды құру, қайта құру және тарату, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін белгілеуге қатысты нормалар енгізілді. Сонымен бірге тарихи қалыптасқан өңірлік ерекшеліктер де ескеріліп, әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттары бекітілген.