Парламент палаталарының бірлескен отырысы: «Халық кеңесі» мен Астананың мәртебесі қаралады

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды.

Фото: parlam.kz

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» жаңадан үш конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарайды.

Әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы Конституциялық заң жобасы Қазақстанның жаңа Конститутциясының 2-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымының негізгі ұғымдарын, мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық құрылымдар мәселелерін шешу кезінде мемлекеттік органдардың өкілеттігін ажыратуға бағытталған.

Ал ел астанасының мәртебесі туралы құжат Қазақстанның жаңа Конституциясының 2-бабының 4-тармағын іске асыру үшін әзірленген. Заң жобасында Астанадағы жергілікті мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон, көлік жөніндегі өкілеттіліктері көзделген. Сондай-ақ Астананың аумағы мен қала маңындағы аймағын, бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодын айқындау ұсынылды.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» заң жобасы да жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Жоба қоғамдық келісімді нығайтуға, мемлекет пен қоғам арасында диалогты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында Қазақстан Халық кеңесінің құқықтық мәртебесі, оның өкілеттіктері, құрамы және жұмыс тәртібі айқындалады.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жақын арада бірқатар маңызды заң жобасы Парламент қарауына енгізілетінін мәлімдеген еді. 

Еске салсақ, 8 мамырда өткен бірлескен отырыста Президент, Құрылтай, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңадан үш конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.