Парламент палаталарының бірлескен отырысы: Құрылтай туралы заң қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Фото: parlam.kz

Заңның басты мақсаты — бір палаталы Құрылтайдың конституциялық — құқықтық негізін бекіту. Құжатты биылғы 15 наурызда Республикалық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Ата заңы ережелерін іске асыру мақсатында Парламент депутаттары әзірледі.

Құжат Құрылтайды ұйымдастыру және оның қызметін құқықтық реттеуге, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған.

— Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығы субъектілерінің қатарына кіреді, ол Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы осы құқықты іске асырады. Мемлекеттік бюджетті қозғайтын депутаттық бастамаларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындыларын ұсыну мерзімі конституциялық заң деңгейінде 3 ай болып айқындалды, — деді Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов.

Құрылтай мен Үкімет арасында іс-қимыл жасаудың келесі тетіктері белгіленді:

— Үкімет мүшелерін лауазымға тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Құрылтаймен консультациялар өткізу;

— Үкімет мүшесінің өз қызметінің мәселелері жөніндегі есептің тәртібі;

— Құрылтай отырысына Премьер-министрдің Үкімет қызметі туралы баяндамасы;

— Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру тәртібі айқындалады.

Заңға сәйкес, Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, олардың өкілдік мерзімі — 5 жыл. Депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен Құрылтай сайлайтын Құрылтай төрағасының үш орынбасары болады.

Құрылтай Қазақстан Республикасының Президентіне Вице-Президент, Премьер-министр, Конституциялық Соттың судьяларының, Орталық сайлау комиссиясының және Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері лауазымдарына тағайындауға келісім береді. Сонымен бірге, Құрылтай депутаттарына ҚР Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау жөніндегі өкілеттіктер беру ұсынылады. Сондай-ақ, заң жобасында депутаттық әдеп қағидалары бекітіледі.

Еске салсақ, 8 мамырда «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды