Парламент палаталарының бірлескен отырысы: Үкімет пен ЖАП есептері бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бекітілді.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есептілігі күшейтілді. Енді Үкіметтің жылдық есебінде Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау нәтижелері көрсетілуі керек.
- Сонымен қатар мемлекеттік қаржы статистикасын жетілдіру көзделіп отыр. Онда Ұлттық қорды пайдалану, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының орындалуы туралы ақпарат қамтылады. Болжауды, тәуекелдерді бағалауды, лимиттерді айқындауды, мониторингті және есептілікті қамтитын борыштық міндеттемелерді кешенді басқару институты енгізілді. Бюджет процесіне қатысушылардың бюджет заңнамасын бұзғаны, бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз орындағаны және қаражатты қайта бөлудің негізділігі үшін жауаптылығы күшейтілді. Жалпы, Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау бағытындағы жұмысын арттырды. Қазіргі кезде былтырғы ұсынымдардың жартысына жуығы іске асырылды, жыл соңына дейін тағы бесеуі орындалады, - деді ЖАП төрағасы.
2024 жылы бюджет-салық саясатының тәуекелдерге неғұрлым бейім негізгі бағыттары бойынша 30-дан астам ұсыным берілді.
Ә. Смайылов Жоғары аудиторлық палата Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге қол жеткізу үшін Парламент және Үкіметпен жүйелі әрі бірлескен жұмысты жалғастыратынын айтты.
Депутаттар мен ЖАП ұсыныстары Үкіметтің жеке Жол картасына енгізіледі
Сонымен қатар Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев «2024 жылғы республикалық бюджет туралы» Үкіметтің есебі толығымен қаралып, Парламент палаталарында талқыланғанын еске салды.
- Тиісті қорытындылар жасалды. 2024 жылы жалпы ішкі өнім 4,8 пайызға өсті, бұл негізінен мұнайға қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім 6 % (пайызға) өсті. Шоғырландырылған бюджеттегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі, былтыр 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Инфляция деңгейі 9,8 % (пайыздан) 8,6% (пайызға) дейін төмендеді. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 2,7 пайызды құрады, - деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, мемлекеттік борыш 31,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 23,7 пайызға жетті.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордың активтері 2024 жылы 16 пайызға өсіп, 66,2 млрд АҚШ долларын құрады. Ал «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша екі жылда шамамен 7 миллион баланың әрқайсысына 233 АҚШ доллары есептелді.
Сонымен қатар М. Такиевтің сөзіне қарағанда, 2024 жылы 26 мемлекеттік органның даму жоспарларында 173 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген болатын. 2024 жылы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 24% төмендеп, 372 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатын игермегені және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін тәртіптік жазаға 73 лауазымды тұлға, оның ішінде басшылық лауазымдағы 67 адам тартылды.
- 2024 жылы республикалық бюджет бойынша барлығы 12 түзету және 1 нақтылау жүргізілді. Республикалық бюджетті түзету бюджеттік мониторинг пен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары негізінде, бюджет құрылымын өзгертпей жүзеге асырылды. Өнімсіз шығыстар, сондай-ақ бірінші кезекке жатпайтын шығыстар оңтайландырылды. Депутаттық корпус пен Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын ескере отырып, енді түзету туралы ақпарат Парламентке берілетін болады. Ұсынымдар негізінде бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. Мысалы, депутаттық корпуспен бірлесе отырып, бюджетті тиімді пайдалану, мемлекеттік борышты басқару қатаң бақыланатын болады, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың есептері, Парламентте тыңдалады. Жоғарыда айтылғандай, Үкіметтің есебі Парламент палаталарында толығымен қаралды. Экономиканың барлық бағыттары бойынша шамамен 1,5 жуық сұрақ пен ұсыныстар берілді. Депутаттар мен Жоғары аудиторлық палата көтерген мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру, қаражатты тиімділігі пайдалану және де басқа да мәселелер жеке Жол картасына енгізіледі, - деді Мәди Такиев.
Бюджетке қатысты кемшіліктер
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, сенатор Сұлтанбек Мәкежанов былтыр Үкімет алға қойылған мақсаттарға жету үшін басым бағыттарды айқындап, қойылған міндеттердің орындалу тиімділігін арттыру үшін нақты жан-жақты жұмыстарды атқарғанын айтты.
- Сонда да, туындаған кейбір мәселелерге сын айту мақсатында емес, Парламент пен Үкімет бірлесе отырып, шешуі тиіс деген кейбір бағыттарға нақты тоқталмақпын. 2024 жылдың нәтижесі бойынша бюджет параметрлерінің кірістері 608,6 млрд теңгеге, ал шығыстар бойынша 531 млрд теңге көлемінде орындалмады. Бұл жағдай біздің талдауымыз бойынша бюджет жоспарының болжау деректерінің объективті бағаланбауынан және қысқа мерзімді шешімдерге басымдық берілгенінен қалыптасты деп есептейміз. Бюджет бағдарламаларының көптеген әкімшілері мақсатты көрсеткіштерді төмен деңгейде белгілеп, шығындар мен нәтижелер арасындағы байланысты елемей отырғандай. Нәтижесінде 2024 жылы 147 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, 200 млрд теңгеден астам қаржы бюджет жүйесінің қағидаттарын нақты ескермей отыра жұмсалған. Сонымен қатар 138 млрд теңге көлеміндегі нысаналы трансферттер мен несиелер игерілмей, 9 млрд теңге қаражат қолма-қол ақшаны бақылау шотында (КСН) қалып қойған. Сондықтан тиісті министрлік Үкіметке ұсыныс енгізіп, жаңа Бюджет кодексі аясында, мұндай жағдайларды болдырмау бойынша нақты шаралар қабылдауы тиіс деп есептейміз, - деді сенатор.
Мұнымен қоса депутат Ұлттық қор мәселелеріне тоқталды. 2024 жылы Ұлттық қордан 6 трлн теңгеден астам соманың алынуына байланысты оның валюта активтері 1,2 млрд АҚШ долларына азайған. Сондай-ақ, Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттердің жұмсалуына байланысты да сұрақтар туындады.
- Тағы бір мәселе – Ұлттық қордың қызметі бүгінде үш мемлекеттік органмен реттеліп отыр. Олар: Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі. Нәтижесінде, Ұлттық қордың барлық бизнес-процестері бойынша біртұтас ақпараты бүгінде жүйеленбей келеді. Бұдан бөлек, Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы 2025–2026 жылдарға арналған мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету және макроэкономикалық саясаттың теңгерімділігін арттыру туралы келісім жасау жөніндегі шешім әлі де қаралу үстінде. Осыған байланысты Үкімет нысаналы трансферттер бойынша кепілдендірілген трансферттегідей нақты ковенанттарды белгіленуі қажет. Екіншіден, Ұлттық қор қызметін реттеу бойынша бірлескен келісімге қатысты шешімнің қаралуын жеделдету қажет, - деді депутат.
Сұлтанбек Мәкежанов статистикалық ақпараттың сапасына қатысты пікір айтты. Экономиканы дәл жоспарлау үшін сенімді статистикалық деректер қажет. Бұл талаптың толық орындалмауы экономиканы және соған байланысты мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарын нақты жоспарлау мүмкіндіктерін шектейді.
- Қазір кейбір статистикалық деректер бойынша айтарлықтай алшақтық көрініп тұр. Бүгінде ақпаратты жинау мен өңдеу жүйесіндегі ықтимал мәселелер нақты жағдайды бұрмалап көрсетеді, бұл өз кезегінде бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік бермейді және талдаудың дәлдігіне қауіп төндіреді. Сондықтан, ұлттық байлық динамикасын тиімді қадағалау және өзекті деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету үшін ұлттық статистиканың цифрлық трансформациясын жеделдету қажет, - деді сенатор.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл маусым айының басында ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов фармацевтика саласына 2024 және 2025 жылдары жүргізілген аудит нәтижесінде Бас прокуратураға жолданған істерді атап берді.
Еске салсақ, жықанда Мәжілісте 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев былтыр әлеуметтік міндеттемелерді Үкімет толықтай орындағанын мәлім етті.